Тыныс алу жүйесі ( systema respiratorium ) тыныс алу жолдарынан және тыныс алу ағзаларынан (өкпелер) тұрады (30 - сурет). Тыныс алу жолдары жоғарғы (сыртқы мұрын, мұрын қуысы, жұтқыншақтың мұрындық және ауыздық бөлімдері) және төменгі (көмей, кеңірдек, бронхтар) болып екі жолға бөлінеді. Тыныс алу жолдарының қатты (сүйекті және шеміршекті) негізі болады, сол себепті тыныс жолдарының қабырғасы қабыспайды. Тыныс алу жолдары қабырғасының осы ерекшелігіне байланысты, ондағы қысымның оң және теріс болуына қарамастан, тыныс алу кезінде, ауа екі жаққа да кедергісіз циркуляция жасайды. Тыныс алу ағзаларында (өкпелерде), адам өмірін сақтап тұрған ең маңызды жұмыс - газ алмасу процесі жүреді.
Тыныс алу жүйесінің қызметтері:
Ø Тыныс алу кезінде ауаны ішке өткізу және сыртқы ортаға шығару;
Ø Қорғау және тосқауыл (барьерлік) қызметі:
Ø Негізгі жұмысы – тыныс алу, яғни өкпедегі газ алмасу процесі (ауадағы оттегіні қанға сіңіру және көмірқышқыл газын сыртқы ортаға шығару);
Ø Дыбыстың түзілуі (көмейде), оның жаңғыруы немесе резонаторлары (ауыз бен мұрын қуыстары, мұрын-жұтқыншақ және мұрын айналасындағы қуыстар арқылы) және дауыс, сөйлеу, өлең айту (тіл, тістер және бет, мойын, шайнау бұлшықеттерінің қатысуымен) т.б. процестердің орындалуы;
Ø Иіс сезу қызметі – мұрын қуысының жоғарғы қабырғасындағы иіс сезу рецепторлары орналасатын иіс сезу аймағымен ( region olfactoria ) атқарылады;
Ø Шығару қызметі – денеден бу түрінде су және кейбір артық заттектар: камфора, спирт, йод шығарылады;
Ø Адам денесінің температурасын бір қалыпты ұстауға және реттеуге қатынасады. Тыныс алған кезде ауамен сыртқа жылу шығарылады; бұл жағдай, әсіресе, дене қызуы көтерілгенде мұрыннан ыстық лептің шығуымен айқын байқалады;
Ø Тыныс алу жүйесі организмдегі хлор деңгейін реттеуге және қышқылдық-сілтілік тепе-теңдікті сақтауға қатынасады.
30- сурет . Тыныс алу жүйесі .