Сабақтың мақсаты : Өсімдік клеткасының негізгі органоидтарымен танысу. Микропрепараттар дайындауды үйрену.

Қарайтын материалдар : Пияз қабықшасы, элодея, жасыл традесканция жапырақтары; итмұрын, қызан, шетеннің фиксацияланған жемістері; картоп түйнегі, үрмебұршақтың, асбұршақтың суда ісінген тұқымдары; бегоний жапырағының сағағы.

Тапсырма:

Пияз қабықшасын сыдырып заттық шыныға қойып микропрепарат жасау, оны йод ерітіндісімен бояп, кіші және үлкен объективтермен қарау. Элодея жапырағынан препарат жасау. Оны кіші және үлкен объективтермен қарап, цитоплазманың қозғалыс сипатын анықтап, хлоропластарды зерттеу. Қарастырылған өсімдік клеткаларынан пластидтерді анықтап, суретін салу. Қанық ерітіндімен әсер етіп клеткада болатын плазмолиз, деплазмолиз құбылыстарын бақылау. Шетен, итмұрын, қызанның жемісінен препарат даярлап, хромопласттарға көңіл бөлу. Картоп түйнегінің крахмал дәндерін микроскоп арқылы бақылау. Асбұршақ, үрмебұршақтың тұқымдарының көлденең кесіндісінен препарат жасап, йодпен бояп, алейронды және крахмал дәндерін белгілеп, суретін салу. Бегоний жапырағы сағағының көлденең кесіндісінен препарат даярлап, микроскоп арқылы друздарды тауып, друзы бар клетканың суретін салу

Түсініктеме

Барлық тірі организмдер клеткалардан тұрады. Бір клеткалылар (бактериялар, қарапайымдар, балдырлар) тек жалғыз клеткадан, ал көп клеткалылар (көпшілік жасыл өсімдіктер мен жануарлар) негізінен бірнеше мыңдаған клеткалардан тұрады. Клетка барлық тірі организмдерге тән тіршіліктік қасиеттерге ие; зат және энергая алмасу, өсу, көбею, негізгі ұрпақтық белгілерін беру, қозғалу, сыртқы ортаның әсерлерін сезіну (тітіркену). Клетка қызметі, оның құрамындағы әртүрлі органоидтарына (ядро, пластидтер, хромосомдар, клетка мембранасы, митохондриялар және т.б.) байланысты бөлінген.

Ғылыми әлемде тұңғыш рет «клетка» ұғымын XVI ғасырдың 70-ші жылдарында ағылшын ғалымы Р.Гук қолданды. Клеткалық теорияның негізін қалаушылар неміс ғалымдары; ботаник М.Шлейден және зоолог Т.Шванн (1839). Бұл теория барлық организмдердің өте ұсақ құрылымдық элементтерден - клеткалардан кұрылатынын, олардың іріктелген тобы организмде белгілі қызмет атқаратын ұлпаларды құрап, олар мүшелерге жіктеліп, организм түзілетінін дәлелдейді.

Клетканың басты екі типі: прокариотты (бактериялар мен көк-жасыл балдырлар) және эукариотты клеткалар (барлық бір және көп клеткалы организмдер - өсімдіктер мен жануарлар, саңырауқұлақтар) болатыны белгілі.

Прокариотты клеткалардың орташа мөлшері шамамен 5 мкм. Бұл клеткалардың ішкі құрылымында мембрана, органоидтар және хромосомдар болмайды. Мұндағы гендер орналасқан құрылым генофор (нуклеоид) деп аталады. Тилакоидтар бос орналасады және олар митохондриялардың да ролін атқарады.

Эукариотты клеткалардың орташа мөлшері 13 мкм шамасында. Эукариотты клеткалар үш топқа бөлінеді: өсімдіктер, саңырауқұлақтар және жануарлар. Әртүрлі өсімдіктер мен жануарлар клеткасындағы органеллалар ұйымдасуымен өзара ұқсас болады, дегенмен өсімдіктер клеткасына тән ерекшеліктер бар.

Өсімдік клеткасына тән басты ерекшелік пластидтердің болуында. Өсімдік клеткасы углеводтан құралған қабықшадан, протопласт және клетка шырынымен толтырылған вакуолядан тұрады. Протопласт құрамында цитоплазма, бір не бірнеше ядро, пластидтер, митохондриялар, диктиосомдар, рибосомдар, эндоплазматикалық ретикулум және лизосомдар болады. Цитоплазма - клетканың маңызды құрамды бөлімі, цитоплазма біршама жабысқақ, қоймалжың, түссіз меншікті салмағы 1,04-1,06 мөлдір зат. Цитоплазма үш қабаттан: сыртқы - плазмалеммадан, ортаңғы - мезоплазмадан, ішкі - тонопластан тұрады.

Өсімдіктер клеткасындағы органоидтардың үш түрі (пластидтер, ядро және митохондриялар) протоплазмадағы басқа органоидтардан қос мембраналы қабықшаларымен ерекшеленеді.

Ядро - ядро қабықшасынан, ядрошықтан, нуклео плазмадан, хромосомалардан тұрады. Ядроның басты қызметі: 1. информация сақтау; 2. информациялық РНҚ-ны синтездеу арқылы цитоплазмаға мәлімет беру; 3. репликация арқылы клетка және ядро бөлінгенде жас ядроларға мәлімет беріп, тұқымқуалаушылықты реттеу.

Пластидтер белсенді зат алмасу процесіне қатысатын органелла. Олар үшке бөлінеді: хлоропластар, хромопластар және лейкопластар. Өсімдіктер клеткасының жануарлар клеткасынан басты айырмашылығы пластидтердің, целлюлозды қабықшасының және орталық вакуольдің болуында. Өсімдік клеткасында қорлық зат ретінде крахмал түзіледі.

Тірі материяның құрамына енетін және зат алмасуға тікелей қатысатын, заттарды конституциялық, уақытша зат алмасудан тысқары қалған заттар-қорлық және зат алмасудың соңғы өнімдерін қалдықты заттар дейді. Қорлық пен қалдықты заттарды эргастикалык заттар деп те атайды.