Бұл тақырыпты оқып үйренудің мақсаты-саясаттану ғылымы қалай қалыптасты, нені зерттейді, оның қоғамтану ғылымдарының ортасындағы орны қайсы, оқулық пән есебіндегі мән-мағынасы неде, оның құрылымы, тәсілдері мен міндеттері қандай деген мәселелерді қарастыру болып табылады.
Ол мәселелерді мынадай сұрақтар төңірегіне топтастыруға болады:
1. Саясаттану – саясатты танып білу ғылымы, яғни саясат туралы, оның адаммен және қоғаммен байланысы туралы ғылым екендігі. Саясат болса адамзат қоғамы белгілі бір жүйелік арнаға түсіп қалыптасқаннан бері, әсіресе мемлекеттік құрылым, мемлекеттік басқару тетігі, билік тұтқасы пайда болғаннан бергі уақытта халықтардың, елдердің тағдырында айтарлықтай шешуші роль атқарып келе жатқан және атқара беретін көп қырлы күрделі құбылыс. Сондықтан да қоғам дамуының әр белестерінде өз дәуірінің ойшылдары саясат құбылысының мәнін түсінуге, сырын ұғуға ұмтылып, тиісті ой-пікірлерді жинақтап отырды.
Саясатты танудағы ең алғашқы түсінік діни-аңызнамалық сипатта болды. Билікті, қоғамдық-саяси тәртіпті құдайдың құдіретімен, алланың әмірімен байланыстыру – сол дәуірге тән көзқарас.
Бертінде қоғамның сапалы түрде ілгерілеуіне, өндіріс құрал-жабдықтарының дамуына, түрлі әлеуметтік топтардың, тайпалар мен ұлыстардың жіктелуіне, олардың өзара қарым-қатынасының артып, тығыз топтасуы негізінде мемлекеттік құрылымдардың нығая түсуіне орай саясаттану ғылымының алғашқы ірге тасы қаланып, өзіндік арнасы айқындала бастады.
Бұл ретте көне гректің данышпан ойшылдары Платон мен Аристотельдің еңбектері айрықша. Платон «Мемлекет» деген еңбегінде үздік мемлекеттік құрылыс, адам мен мемлекет мүддесінің ұштасуы мәселелерін алғаш рет қозғаса, Аристотель «Саясат» деп аталатын шығармасында мемлекеттік саяси биліктің мән-мағынасы туралы жазды. Аристотель саяси режимдерді жіктеп, саралап, ғылымда тұңғыш болып «демократия», «монархия», «олигархия», «аристократия», т.б. түсініктерді енгізді. Алайда, антикалық дәуірде саясаттану этика мен философияның құрамынан жеке пән есебінде ажырап шыға алған жоқ.
Саясаттану ілімін діни-аңызнамалық, этикалық сипаттан ажыратып, оның негізгі зерттеу объектісі саяси құбылыстар мен процестер екенін, мемлекет билігі оның түп қазығы екенін жан-жақты дәлелдеп, дәйектеген ХVI ғасырдағы итальян ойшылы Н.Макиавелли болды. ХVII-ХVII ғасырлардағы қайта өрлеу дәуірінде өндірістің және ғылымның құлаш жая дамығаны белгілі. Осы кезенде саясаттану да айтарлықтай жемісті өрлеу үстінде болды.
Саясаттың аса күрделі қоғамдық құбылыс ретінде зерттелуіне, саясаттанудың дербес ғылым есебінде қалыптасып, қаз тұруына әртүрлі тарихи кезенде өмір сүрген Т. Гобсс, Дж. Локк, Ш.Монтескье, Т. Пеин, Т. Джефферсон, О. Конт, А. Токвиль, К. Маркс, Ф. Энгельс, В.И. Ленин сияқты көптеген ойшыл ғалымдар қомақты үлес қосты. Қазақстан халқының да саяси ой-пікірлер жүйесі сонау көне дәуірлерден бастау алады. Әлемдегі басқа халықтар сияқты қазақ жұртының да ежелгі арманы қоғамда әділеттің, теңдіктің, ынтымақ пен бірліктің, тұрақтылық пен тыныштықтың салтанат құруы болғаны белгілі. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманды, «Жерұйықтай» мекенді (Асан қайғы), Аязбидей халық ортасынан шыққан адал да ақылды билеушіні аңсауы сондықтан. Саясаттың сан қырлы қатпарлары, сонау VI-VII ғасырларға жататын бүкіл түркі халықтарына ортақ «Күлтегін», «Тоны көк», «Білге қаған» ескерткіштерінен де көрініс табады. Әрине, саяси ой-өріс пен дүниетанымның ғылыми жүйесін алғашқы болып жасаған ұлы ойшыл, ғұлама философ бабамыз ӘБУНӘСІР ӘЛ-ФАРАБИ (IX-X ғғ.) болды. Оның «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Мемлекет қайраткерлерінің нақыл сөздері» т.б. шығармалары бүгінгі таңда да үлкен маңызға ие. Парасатты билік пен ізгі өмірдің ғылыми негіздері ЖҮСІП БАЛАСАҒҰННЫҢ (XI ғ.) түрік тілінде аса жоғары көркемдік деңгейде жазылған атақты «Құтты білік» поэмасында терең баяндалды. «Әділеттілік – билік негізі. Бектер адал болса, ел өмірі оңалады» – деп жазды ол. Сондай-ақ, тарихымыздың әртүрлі кезеңдерінде айтарлықтай өнеге із қалдырған М. Қашқари, М.Х. Дулати, Қ. Жалаири секілді тұлғалардың, қара қылды қақ жарған айтулы билер (Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би т.б.) мен орақ ауыз от тілді ақын-жырауларды (Қазтуған, Асанқайғы, Ақтамберді, Бұхар, Дулат т.б.), ел тізгінін ұстаған хандардың ( «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Тәуке ханның жеті жарғысы», «Абылайдың ақ жолы» т.б.) ұлтымыздың саяси дүниетанымы мен ой-өрісінің қалыптасуына қосқан үлестері де ұшан теңіз.
Саясаттану ғылымының осы заманғы мән-мағынасы, құрылымы ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қалыптасты. Ол, әсіресе, Америкада қарқынды дамып, қолдау тапты. 1880 жылдардан бастап саясаттану Американың жоғары оқу орындарында дербес пән есебінде оқытыла бастады, 1903 жылы Америка саяси ғылымдар ассоциациясы құрылды. Ал 1948 жылы ЮНЕСКОның жанынан саяси ғылымдар халықаралық ассоциациясы құрылып, осы күнге дейін жемісті жұмыс істеп келеді.
Осы заманғы тұрпаттағы саясаттану ғылымының қоғамдық ғылымдар арасында өзіндік дербес орын тауып орнығуына, кемелденіп дамуына немістің аса көрнекті оқымыстысы М. Вебер, француз ғалымы Э. Дюркгейм, ұлты орыс американ ғалымы П. Сорокин, т.б. зор үлес қосты.
Бұрынғы КСРО тұсында біздің елде саясаттану ғылымына қақпа жабық, жол тұйық болды. Саясаттану саласында арнаулы ғылыми зерттеулер жүргізілмеді, оқу орындарында ол – пән есебінде оқытылмады. Сөйтіп, бұрынғы Кеңестер Одағының құрамында өмір сүрген барлық халықтар, барлық адамдар білімнің аса бір маңызды саласы – саясат туралы ілімнен шетқақпай қалып, сауатсыздыққа ұрындық. Неге бұлай болды? Себебі, біріншіден, бізді тоталитарлық әкімшіл-бұйрықшыл жүйе билеп-төстеді. Еңбекші қауым, халық осы жүйенің «айтқанын орындап, айдағанына жүрді». Бір ғана идеология өктемдік жүргізіп, бұқараның санасын жаулап алуға ұмтылды. Осындай жағдайда, халықтың саяси сауатты болғаны, билік тұтқасының атқару механизмдерін ұғынғаны – басқарушы билік иелері үшін өте тиімсіз еді. Екіншіден, Кеңес үкіметі тұсында біздің еліміз басқа дүниеден оқшаулыққа бейім болды, әлемдегі болып жатқан процестерден, ғылым-білімнің, мәдениеттің даму бағытынан көп жағдайда оңаша тұруды қалады. Үшіншіден, социалистік елдерден, өзімізден тысқары, әсіресе капиталистік елдерде қанаттанған, дүниеге келген ғылым салаларына сенімсіздікпен қарайтын көзқарас үстем болды. Кезінде кибернетикаға генетикаға, үрке қарағанымыз сияқты саясаттануда да буржуазиялық сарын бар деген түсінік ол ғылымның бізде тарауына кедергі болды.
Сондықтан да саясаттану сияқты бүкіләлемдік, жалпы адамзаттық сипаты бар, қоғам үшін, бостандық пен демократияны түпкі мақсат еткен елдер үшін аса қажетті ғылым саласын игеруде кенже қалдық. Оның салдарларын Қазақстан тәуелсіздік алып, дербес даму жолына түскеннен бергі 20 жылдан астам уақытта көріп келеміз. Саяси мәдениеттің төмендігі, саясат туралы білетініміздің саяздығы бұл күнде әлі де болса көрініп қалады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының бірінші бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады; оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» – деп жазылған. Олай болса мұндай қоғамды толық орнықтыру үшін, мұндай қоғамда еркін өмір сүру үшін әрбір азаматтың саясат туралы ғылымның негіздерін терең игеруі – өмірлік мәні бар қажеттілік болып табылады. Саясаттану пәні бұл күнде барлық жоғары оқу орындарында оқытылып жатыр. Бірнеше жылдардан бері бұл саладан мамандар да дайындалуда. «Егер сен саясатпен шұғылданбасаң, ол сенімен шұғылданады», – деген қанатты сөз үлкен мәнге ие болуда. Қоғамның бүгінгі саяси өмірі асқан күрделілігімен, ішкі қайшылықтарының молдығымен сипатталып отырғанда, саяси салада терең әрі тым жылдам ауқымды өзгерістер жүріп жатқанда, сан жылдар бойғы қалыптасқан дәстүрлі саяси түсініктер сеңше бұзылып, біз үшін мүлде жаңа құбылыстар пайда болған кезенде саяси білімнің әрқайсымыз үшін ауадай қажет екенін есте ұстаған абзал.
2. Сонымен, саясаттану ғылымы нені зерттейді, нені оқытады? Саясаттану – политология – гректің «Politike» және «Logos» деген сөздерінен шыққан. Бұл сөздер мемлекетті, қоғамды басқару өнері туралы ғылым деген мағынаны білдіреді. Яғни саясаттану ғылымының зерттеу объектісі – саясат, қоғамның саяси саласы. Бұл ғылымның мән-мағынасына терең үңілу үшін ең әуелі қоғам туралы ұғымды еске алайық. Қоғам дегеніміз объективті заңдылықтар негізінде қалыптасатын, қызмет және дамып отыратын күрделі тірі әлеуметтік организм екенін білеміз. Қоғам дамуының өзегінде табиғаттағы сияқты адам санасынан тысқары объективті заңдылықтар жатады.
Қоғамдық құбылыстардың барлығын шартты түрде 4 салаға бөлуге болады: